Түркістан облысының ірі өзендері мен көлдерінің су қорғау белдеуіндегі кен орындарының жұмысы тоқтап жатыр. Тізімде ауылдар мен елді-мекен аумақтарына жақын орналасқандары да бар. Өз міндеттемелерін орындамаған 10 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарты мерзімінен бұрын бұзылса, 2023-2024 жылдар аралығында 16 кен орнының жұмысы заң аясында тоқтатылды. Одан бөлек, 14 кен орнының жерлері құзырлы органдармен комиссия құрылып, мемлекетке қайтарылып отыр.
Міндеттемелерін толық орындамаған 38 жер қойнауын пайдаланушының келісімшартын мерзімінен бұрын тоқтату ұсынысы қаралып жатыр. Қазір құжат облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына прокурорлық сүзгіден өткізу үшін жолданды. Прокуратура тарапынан келісім берілген жағдайда аталған келісімшарттар мен лицензиялар тоқтатылмақ.
Түркістан облысында карьерлерді заңсыз немесе ережені сақтамай пайдаланатындарға қарсы күрес бұрынғыдан да күшейтіле түседі. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров табиғатқа зиянын тигізіп жатқан компанияларға қарсы заң аясында күресті күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облысымызда кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 193 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 80 келісімшарт және 113 лицензия негізінде жұмыс істейді.