Көктемде таудағы қар еріп, өзен-көлдер арнасынан асып жатады. Салдарынан айналасындағы елді мекен тұрғындары әбігерге түседі. Мұндай олқылықтың алдын алу үшін төтеншеліктер ерте қамданады. Сайманын сайлап, жеке құрамның дайындығын пысықтайды. Осы мақсатта департамент 6-7 ақпан күні «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізеді. Төтенше жағдайлар депатраментінің ресми өкілі Асқар Шәріп журналистердің басын қосып брифинг өткізді. Оқу-жаттығудың шартын айтып, дайындығы жайында сөз қозғады.
Күн жылынып, көктем шыққан соң коммуналдық қызмет пен төтенше жағдай департаментінің мамандары үшін нағыз қарбалас басталады. Қыс бойы қармен алысқандар енді су тасқынына қарсы сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Төтеншеліктер мен өзге де тиісті мекемелер арасында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.
АСҚАР ШӘРІП, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ КАПИТАНЫ
Түркістан облысы Төлеби ауданының таулы алқаптарынан (Қаржантау, Қазығұрт) және Еңбекші ауданының Абдуллабад және Елтай тұрғын алаптарының етегіндегі биік жерлерден бастау алатын Бадам және Сайрам су өзендері қала үшін су тасқынының негізгі қаупін туғызады. Сондай-ақ, қатты нөсер жаңбырдың салдарынан қала аумағында көшелер мен аула аумақтарында жаңбыр суының жиналуы пайда болады, бұл тұрғындар арасында қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін.
Бадам өзені сол жағалауда орын тепкен елдімекендер үшін қауіпті аймақ. Жауаптылар жылда өзен жиектерін бетондап, қауіпті сейілтеді. Төлеби ауданынан бастау алатын су арнасы 6 ауылды жағалай өтеді. Төтеншеліктер 5,1 млрд теңгеге Бадам арнасының жағалауын қалыпқа келтірген.
АСҚАР ШӘРІП, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ КАПИТАНЫ
Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінің 2448 бірлік техникасы, 442 жеке құрам және 81 мотопомпа дайындыққа келтірілді. Су тасқыны кезеңінде авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуге 10 мың дана қап, 18 мың тонна құм дайындалып, жанар-жағармай қоры қалыптастырылуда.
НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ:
Жауынды күндері көшелердің су басудың себебі ирригация жүйелерінің болмауы. Арық-атыздардың өткізу қабілетінің төмендігі немесе қоқысқа толу болып отыр. Қазгидромет мамандары биыл көктем айларында жауын-шашын қалыптан аспайды дейді. Айта кетейік, қазіргі таңда төтеншеліктер су басу қауіпі бар 20 орын анықтаған.