Шымкент қаласына ресми сапармен келген Еуропалық елшілер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен кәсіпорындардың жұмысын зерделеуді жалғастырды. Бұған дейін олар қаланың бірқатар маңызды нысандарын аралаған еді. Енді өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысты.
Сапар барысында делегация өңірдегі жетекші өндіріс орындарының бірі Bal Textile кәсіпорнына барды. Қонақтарға бұл жерде қолданылатын заманауи технологиялар мен өндіріс процестері таныстырылды. Бұл кәсіпорын кілем және тоқыма өнімдерін шығару саласында алдыңғы қатарда келеді. Елшілердің ерекше назарын компанияның экспорттық әлеуеті мен оның Қазақстан экономикасына қосқан үлесі аудартты.
ЯАП ОРА, ЭСТОНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ
--- “Біздің негізгі мақсатымыз Еуроодақ елдерімен және ниеттес елдер арасында Қазақстанмен бірге ынтымақтастықты одан әрі нығайту және жаңа мүмкіндіктерді ашу. Біз Шымкент қаласындағы бірнеше кәсіпорынның жұмысымен таныстық. Заманауи технологиялар қолданылып, сапалы өнімдер шығарылып жатқанын көрдік. Бұл өндіріс орындары Қазақстанның экономикалық әлеуетін көрсетеді және болашақ әріптестікке мол мүмкіндік береді. Осындай сапарлар арқылы біз өзара ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын анықтаймыз және екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға үлес қосамыз.
Делегация сапарын QAZALPACK компаниясында жалғастырды. Бұл жерде қаптама өнімдері шығарылады. Экологиялық қауіпсіз материалдар мен заманауи технологиялар қолданылады. Кәсіпорынның жоғары сапалы қаптамалары ішкі және сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие. Әлемдік стандарттарға сай жұмыс істейтін QAZALPACK компаниясы жергілікті экономиканың маңызды драйверлерінің бірі екенін дәлелдеп келеді.
Елшілер Шымкенттегі ипподромда болып, өңірдің мәдениеті мен ұлттық спорт түрлерінің дамуын көрді. Ат спортының инфрақұрылымы, бәйге, көкпар сияқты ойындардың өңір тұрғындары арасында кеңінен тарағаны, олардың ұлттық құндылықтардағы орны делегацияның назарын аударды. Осылайша, сапар қорытындысы бойынша Еуропалық елшілер Шымкент қаласының өндірістік әлеуетіне, кәсіпорындардың жоғары деңгейде ұйымдастырылған жұмысына, өңірдің экономикалық тұрақтылығына оң бағасын берді. Елшілер аймақпен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді.