ТМД елдерінің ІІМ-терімен бірге іздеуде жүрген күдіктілерді ұстау, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткендерді анықтау бойынша жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Нәтижесінде Қырғыстанның Бішкек қаласында 39 жастағы қазақстандық азамат ұсталды.


 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ:

Оған 13 жыл бұрын Жамбыл облысында жасалған топтық зорлауға қатысқаны үшін іздеу жарияланған. Сондай-ақ Ресейдің Сочи қаласында да 22 жастағы Қазақстан азаматы қолға түскен. Ол Жетісу облысының аумағында бірқатар интернет-алаяқтық жасап, көрші мемлекетке қашып кеткен. Павлодарлық полицейлер де ресейлік әріптестерімен бірге жүйелі жұмыс істеп, Грозныйда 52 жастағы ер адамды ұстады. Ол 1996 жылы Павлодар облысының Бобровка ауылында жергілікті тұрғынға қарақшылық шабуыл жасаған. Осы сынды тағы бірнеше күдікті ұсталып, тергеп-тексеру амалдары басталған. Екі күнге жалғасқан жедел іс-шараның қорытындысы бойынша іздеуде жүрген 284 қылмыскер қолға түскен. Оның жетеуі кісі өлтіру, тоғызы денсаулыққа ауыр зиян келтіру, алтауы қарақшылық шабуыл жасау, бесеуі тонау және он үш азамат есірткі қылмыстарына қатысы бар деген күдікке ілігіп, ұсталған. Оның отыз екісі республикадан тыс жерлерде қолға түссе, 164 қылмыскер ел аумағында қолға түскен.