Өткен аптада тергеу органдары 119 істі тіркеп, оның 5-і сотқа жолданған. Жиі тіркелетін қылмыстар қатарында алаяқтық, ұрлық, есірткінің заңсыз айналымы мен жол-көлік оқиғалары бар. Мәселен, Ж есімді азаматша танысына мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беремін деп 3 млн 300 мың теңгесін алаяқтық жолмен қолды еткен. Күдікті ұсталып, қылмыстық іс тергеп-тексеруге жөнелтілген. Осылай деген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, ресми өкілі Сәрсен Құранбек өткен аптаға қорытынды жасап, атқарылған жұмыстардың ретін таныстырды.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Өткен аптада 18 бен 30 жас аралығы – 7, 30 бен 60 жас аралығы – 4 күдікті ұсталған. Белгілі болғандай құқық бұзушылардың барлығы да жұмыссыздар. Ресми өкілдің айтуынша қала аумағында жол-көлік оқиғалары жиілеп, жәбірленушілердің саны артқан. Оның басты себебі жылдамдықты арттыру мен жүргізушінің қозғалыс кезінде ұялы телефонға алаңдауы. Салдарынан адам қағу және басқа көліктермен соқтығысу фактілері орын алады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жолды кесіп өтуі, кәмелетке толмағандардың электронды скутерлер мен самокаттарды жол ережесін сақтамай басқаруы да күн тәртібіндегі мәселе. Бұл қатарда масаң күйде көлік басқарып, өзі мен өзгенің өмірін қатар қауіпке тігетін азаматтар да бар. Сәрсен Абайұлы қала тұрғындарын қоғамдық тәртіпке сай әрекеттеніп, алаяқтардың арбауына түсіп қалудан сақ болуға шақырады.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ

 – «Пәтер алып беремін. Жер алып беремін дейтіндер өте көп. Тек құзырлы органдарға ғана жүгінулеріңізді сұранамыз.» 


 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Қала көркін еселеп, демалыс аймақтарын көркейту мақсатында биыл бірнеше су бұрқақ іске қосылды. Соның бірі Shymkent City саябағына орнатылған музыкалық фонтан. Замануи құрылым 234 динамикалық су шапшытқыштан тұрады. Атқылаған су деңгейі 25 метр биіктікке көтеріліп, әуен ырғағына сай әрекеттенеді. Су бұрқақ кешкі 20:00 мен 23:00 аралығында тестті режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ Тұлпар көлі маңында да заманауи үлгіде жабдықталған фонтан іске қосылды. Оның биіктігі 80 метрге жетеді. 30 минут жұмыс істеп, жарты сағат дамылдайтын құрылым таңғы 9-дан түнгі 12 /24:00/-ге дейін қызмет атқарады.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ

– «Қазіргі таңда бұл екі субұрқақ та тектілеуден өту үстінде. Қазіргі таңда мынау Жайлаукөл аумағында субұрқақ 30 минут демалыс жұмыс істеп жатыр. Бұл субұрқақ Женевадағы субұрқақтан кем түспейді деп айтуға болады.» 


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматына ауысып, ресми өкілі журналисттер жолдаған сауалдарға жауап берді. Кейбір сауалдарды жұмыс дәптеріне түртіп алып, келесі брифингте толыққанды жауап беретінін айтты.