Абайды Абай елінде таны. Студенттер «Шымкент-Алматы-Алматы-Семей бағытындағы танымдық экспедицияға аттанды. Жас өрен сапар барысында түрлі музей-көрмелерді тамашалап, таным көкжиегін кеңейтеді. Тарихтан тағылым алып, ұлылар жүріп өткен ізді басады.


Бұған дейін де бірнеше рет ұйымдастырылған экспедиция құрамында 50 студент пен арнайы сүйемелдеушілер бар. Жол барысында олар 5 нүктеге аялдап, танымдық орындарды аралайды. Белгіленген меже – Алматы, Талдықорған, Қонаев, Аягөз, Семей қалалары. Жолаушылардың барлық шығындарын университет тарапы өтейді.


АҚАН БЕСПАЕВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

«Ертең Алматы қаласында табан тірегенде әуелі ғылым ордасына, сондай-ақ ондағы біршама мұражайларға тоқтаймыз. Білесіздер Алматыда М.О.Әуезовтың өз үйі бар. Сонда барамыз. Біз барлық нүктеге жеке-дара тоқтап, қайтар жолда да тоқтамаған нүктелерге тоқтайтын боламыз.» 


Танымдық сапарға белсенді студенттер мен оқу үздіктері іріктеп алынған. Олар түрлі сала шәкірттері. Өз мамандығына сәйкес зерттеу жүргізіп, түйін жасайды. Мәселен, архиология факультетінің студенттері Семей топырағы мен ондағы жәдігерлерге үңілсе, болашақ филологтар Хәкім шығармашылығын зерделейді. Қоғамдық кеңестің ең жас мүшесі, белсенді студент Әсел Амангелді «сапарға шығатынымды ести салысыммен-ақ «Абай жолын» қайтара оқуды бастап кеттім», - дейді.


ӘСЕЛ АМАНГЕЛДІ, СТУДЕНТ

«Абай жолының» түп нұсқасын оқуды бастадым. Қайталап алу үшін. Кітаптан оқыған жерді көріп, ондағы жәдігерлерді қолмен ұстау үлкен әсер сыйлайтынына сенімдімін.»