Олжас Бектенов Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Жиында инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар және әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлері қаралды.
Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы маусым айының қорытындысы бойынша инфляция 11,8%-ды құрады, бұл әлемдік нарықтардың тұрақсыздығы, тарифтік реформалар, тұтынушылық сұраныстың күшеюі сынды бірқатар сыртқы және ішкі факторға байланысты. Бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Ұлттық Банктің белсенді қатысуымен инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі қысқа әрі ұзақмерзімді қамтитын шаралар кешені қабылданды. Құжат қараудың соңғы сатысында тұр және Үкіметтің жеке қаулысымен қабылданады. Негізгі бағыттардың қатарына ішкі өндірісті ұлғайту, тарифтік саясаттың болжамдылығын арттыру, базалық тауарларға бағаны тұрақтандыру және инфляциялық күтулерді төмендету жатады. Сондай-ақ отандық өндірісті қолдау, ішкі нарықты қанықтыру және сауда үстемелерін бақылау жалғасуда.