Бақ іздеймін деп батпаққа батып қалмаңыз! Тәртіп сақшыларыларының айтуынша, әлеуметтік желіде өзін махаббат іздеп жүрген шетелдік ретінде көрсетіп, алаяқтық жолмен ақша жымқыратындар бар.


Онлайн махаббаттың соңы жаралы жүрек пен бос әмиянға әкеп соғады. Әдемі таныстық, романтикаға толы сөздер, кездесу туралы уәде, тіпті үйлену жайлы арман-мақсаттар... Бірақ кейін сенімге кірген серік әңгіме барысында жеке бас қиындықтары жайлы сөз қозғайды. Түрлі сылтаумен ақшалай көмек сұрап, қақпанға түсіреді. Осындай схемаға алданған Астана қаласының тұрғыны өзімен интернет арқылы сөйлескен адамға сеніп, тоғыз миллион теңгесінен айырылған. Мамандардың айтуынша, интернеттегі алаяқтықтың негізгі белгілері: ғашықтық сезімін тез білдіру; бейнеқоңыраудан немесе жеке кездесуден бас тарту; аяныш сезімін тудырып, қиын өмірлік жағдайлар туралы сөз қозғау. ІІМ бейтаныс адамдарға сене бермеуге, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, әрдайым ақпаратты мұқият тексеруге шақырады.