Экологиялық тәрбие тек сабақта айтылып қана қоймай, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы қажет. Шымкенттегі №135 жалпы білім беретін мектепте экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ашық сабақ өтті. Мұғалімдер оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіріп, оны іс жүзінде жүзеге асырудың жолдарын көрсетті.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада жас буынға туған жердің табиғатына жанашырлықпен қарау міндеті жүктелді. Бұл – болашақ азаматтардың экологиялық санасын арттыруға бағытталған игі қадам.
САЛТАНАТ САЛЫБЕКҚЫЗЫ, ҰСТАЗ
Таза ел, таза қала, таза үй» акциясы аясында біздің сынып ашық тәрбие сағатын өткізді. Сабақ барысында балалар тек үйдегі емес, аула мен қаланың тазалығына да жанашырлықпен қарауды үйренді.
Сабаққа қатысқан оқушылар экология мәселесіне қатысты өз ойларын ашық білдіріп, сұрақтарына жауап алды. Олар табиғатты қорғау әр азаматтың парызы екенін айтып, қоршаған ортаны таза ұстауға дайын екендерін жеткізді.
АҢСАР ЕЛАМАН, ОҚУШЫ
Бұрыннан бері біз ашық сабақтар өткізіп келеміз. Оның ішінде туған даламызды қоқысқа толтырмау, қоқыс тастамау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау сияқты экологиялық тәрбиелерді үйрендік. Сонымен қатар, біз ағаш егіп, гүл отырғызу жұмыстарымен де айналыстық. Мұның бәрін сабақ барысында меңгердік.
Ұстаздар мұндай бастамалардың жалғасын табатынын, ал экологиялық тәрбиені тек мектеп емес, әр отбасы мен қоғам да қолдауы керегін айтады. Бұл - еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырудың сенімді қадамы.