Түркістанда ерекше концерт өтті. Жүректен жүрекке деп аталатын қайырымдылық кешінде мәдениет үйінің өнерпаздарымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар да өз шығармашылығын паш етті. Зағип жандар ән айтып, күй шертіп, өлең оқыды. Көрермендер ерекше әсерге бөленіп, әрбір өнер туындысын зор қошеметпен қарсы алды.
“Жүректен жүрекке” кеші - адам жанының тереңінен шыққан үміт пен мейірімнің көрінісі іспетті. Түркістан төрінде өткен бұл ерекше шара көпшіліктің жүрегінен орын алды. Өз кезегінде «Қазақ Соқырлар Қоғамы» Қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы Зәуре Әйтек ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Өзі ақын, өзі сазгер, өзі әнші Айнұр Смадияр да мерекелік шарада жолдасымен бірге ән шырқап көрерменнің қошеметіне бөленді. Тумысынан зағип жандар мұндай кештердің жиі ұйымдастырылғанын қалайды. Өйткені, шабыттанып, рухани демалып қайтатындарын айтады.
Түркістан облысы бойынша 1500 жуық зағип жан тіркелген болса, оның тең жарымы жарық дүниені мүлдем көрмейді екен. Ал, қалада 120-ға жуық адам тіркеуде. Оларға мемлекет тарапынан жәрдем көрсетілуімен қатар, көмекшілер берілген. Сондай-ақ, әлеуметтік такси қызметін тегін пайдаланады.