Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының түпнұсқа қолжазбалары жарық көрді. Шымкенттік ғалымдардың пайымынша, хәкімнің өлеңдері мен қара сөздері қазақ тілінде емес, түркі халықтарына ортақ шағатай тілінде жазылған. Ал бізге жеткен мәтіндер – түпнұсқадан әлдеқайда өзгеше. Кеңес дәуіріндегі идеологиялық қысым салдарынан Абай шығармаларының бастапқы нұсқасы бұрмаланып, саясатқа сәйкес өңделіп ұсынылған. Себебі түпнұсқаларда кеңестік жүйеге қарсы идеялар мен ұлттық рухты дәріптейтін тұстар жиі кездеседі, – дейді зерттеушілер.
Қазақ әдебиетіне жаңа леп сыйлаған бұл жинақ – белгілі абайтанушы Ақжол Қалшабек пен оның шәкірті Әзімхан Исабектің он жылға созылған терең ізденісінің нәтижесі. Ғалымдар сан алуан архивтерді ақтарып, дереккөздерді мұқият салыстыра саралап, бұрын-соңды жарық көрмеген Абай қолжазбаларын іріктеп, 700 беттік жинаққа енгізді.
АҚЖОЛ ҚАЛШАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
Абай атамыздың кітабын алғаш рет 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы шығарған. Жинақта 54 өлең болды. Кітапты 1930 жылы толық түрде Мұхтар Әуезов латын қарпінде шығарған еді. Біз де соның бәрін салыстырып, мәтіндерге біраз өзгерістер жасап, шығарып отырмыз.
Кеңестік жүйе тұсында Абай сөзі еркін өрістей алмады. Саясаттың сүзгісінен өтіп, тіпті кей тұстары өңделіп, өзгеріп жетті. Ұлт еңсесін тіктей бастаған шақта Мұхтар Әуезов Абай мұрасына алғаш болып сұрау салып, қолжазбаларды негізге ала отырып, бүгінгі оқырманға таныс үлгіні әзірледі.
ӘЗІМХАН ИСАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
Мұхтар Әуезов өз сөзінде Мүрсейіт жазбаларын ең асыл нұсқа, бағалы бұлақ көзі екенін айтқан болатын. Біз Әуезовтің ақ арманын жүзеге асырып, он жылдық уақытымызды арнап, осы кітапты жарыққа шығарып отырмыз.
Абайдың түпнұсқа жазбаларының басым бөлігі – хакім шығармаларын алғаш хатқа түсірген Мүрсейіт Бікіұлының ұрпақтары арқылы бүгінгі күнге дейін жетті. Зерттеушілер құнды жазбалар уақытпен бірге көмескіленбей, көздің қарашығындай сақталғанын айтады.