Шексіз өнерге ерекше жандардың ықыласы ыстық. Мегаполисте көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтардың арасында республикалық өнер байқауы өтті. Фестиваль ерекше жандардың өнер арқылы әлемге жол тартқан жүрек үнін, өмірге деген құштарлығын паш етті.


«Арман шыңы» республикалық инклюзивті шығармашылық фестиваліне еліміздің әр аймағынан 30-ға жуық өнерпаз келген. Биыл алғаш рет өтіп жатқан дүбірлі додаға Алматы, Тараз, Өскемен, Қарағанды, Семей, Павлодар қалаларынан және өңірлік арнайы кітапханалардың оқырмандары жиналды. Олар бес түрлі номинация бойынша бақ сынады.


АХАТ НЫСАНБЕК, ҚАЛАЛЫҚ АРНАЙЫ КІТАПХАНА ДИРЕКТОРЫ

Жүлделеріміз бар. Мәдениет басқармасының марапаттары бар, демеушілер бар. Бұл жерде өз қолөнері, би, эссе, өлең оқу, опера шығармашылығымен таныстыру бар.


 Фестиваль қатысушыларының әрқайсысы өнер арқылы өз жанының сырын, өмірге деген сенімін жеткізді. Көру қабілеті шектеулі болса да, олардың жүрегі шексіз рух пен шабытқа толы екені сезілді.


АРУЖАН СҮЛЕЙМЕНОВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

«Арман шыңы» деген жарысқа бірінші рет қатысып жатырмын. Мен бұл байқауға «Қабірден хат» – Рысқұлбековтың монологын алып келдім.


Фестиваль соңында ерекше жандардың еңбегі еленіп, үздік өнер иелері мен шығармашылық топтар Алғыс хаттармен, дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұл шара тек байқау емес – адам рухының мықтылығын, өмірдің мәнін сезінудің мерекесі болды. «Арман шыңы» фестивалі – әрбір ерекше жанның өнер арқылы өз әлемін ашуына мүмкіндік беретін рухани көпір.