Жаңа бизнес-жобаларын жүзеге асыруға арналған грант берудің ІІІ легі аяқталды. 99 шымкенттік тұрғын 1 572 800 теңге қаржы алды.
ІІІ лекте 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алу үшін 398 адам өтінім қалдырған. Комиссияның шешімімен оның ішінде 99 адам оң нәтиже көрсетіп, қаржысы қазір аударылуда. Олардың қатарында 1 әлеуметтік көмек алушы, 5 асыраушысынан айырылған отбасы, 21 еңбекке қабілеттілігі бар мүгедектігі бар азамат, 55 көпбалалы отбасы және 17 мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жандар бар.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Сала бойынша грант алушылардың жобалары әртүрлі: мал, құс шаруашылығы – 3; қызмет көрсету саласы – 28; кондитерлік және нан өнімдері – 12; тігін өнеркәсібі – 12; полуфабрикат өнімдері – 7; жиһаз өндірісі – 3; өндіріс (құлпынай өсіру, ет өндірісі және т.б.) – 18; басқа салалар (фастфуд, ыстық тағам, шұжық, кофе және т.б.) – 16 грант берілді. Жалпы 2025 жылы 432 адамға қайтарымсыз грант беріліп отыр. Бұл мемлекеттік гранттардың көмегімен жаңа кәсіпкерлік жобалар ел экономикасын дамытуға және жұмыс орындарын құруға өз үлесін қосады деп күтілуде.
Айта кетейік, 18 қараша күні сағат 14:00-де «Көрме орталығында» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Оған 100-ден аса жұмыс беруші қатысады деп күтілуде. Жауаптылар екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарды жәрмеңкеге қатысып, жұмыс берушілер ұсынып отырған бос орындармен танысуға шақырады.