Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықпен көшпелі кездесулер аясында Сауран секторының тұрғындарымен жүздесті. Кездесу С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің мәжіліс залында өтті. Жиында қала басшысы сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап, осыған дейін тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің шешілу барысына тоқталды.


Сауран секторы аумағында инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 1-2 мөлтек аудандардағы 75 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығы толық қамтамасыз етілді. Ауыз су жүйесіне қатысты 75 үйдің 14-і жөндеуден өтті, 48 үй қалыпты жағдайда, ал 6 үйде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.


 ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

Сауран мөлтек ауданында ауыз сумен қамту деңгейі 99,5%-ды құрайды. Қала тұрғындарының 98%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ал қалған 83 абонент бойынша газ желісін тарту жобасы әзірленіп, алдағы жылы іске асыру жоспарлануда.


Жиында шаһар басшысы көпқабатты үйлердің қасбеттерін қалпына келтіруге, ауыз су және көгілдір отын мәселелеріне тоқталды. Сөзінше, Сауран мөлтек ауданында ауыз сумен қамту көрсеткіші 99,5%-ды құрап, газбен қамту деңгейі 98%-ға жеткен. Әкім есебінен кейін жиынға жиналған халық көкейдегі сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді шешуді сұрады.


 – Ерубаевтың бойындағы аялдамада, содан барып колледжде бір-ақ тоқтайды. Бұрын аялдама бар еді. Халық осыған наразылық білдіріп отыр. Базар жанында тұратындар бар. Сауда істейтіндер бар, Яссыға баратындар бар.


 – Үшінші үйдің алдында қоқыс алаңы бар. Сол жердегі барлық қоқысты таңертең тазалап кеткенімен, кешке дейін қайта толып қалады. Жел соқса, үшінші үйдің алды қоқысқа толып қалады.


– Бұл екі аялдаманың ара қашықтығы бір шақырымды құрайды. Қазіргі таңда аялдама қоюға орын жоқ. Жол бойына белгімен қоймасақ, павильон жасап, кармашка орналастыру мүмкін емес.


 Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарын тыңдады. Әзімбек Пазылбекұлы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, қаланың өркендеуіне өз үлесін қосуға шақырды.