Шымкентте қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында бірнеше басқарманың басшылары есеп беріп, атқарылған жұмыстарды баяндады. Негізгі көрсеткіштерді атап өтіп, тұрғындарды толғандырған мәселелерді ортаға салды. Толығырақ кеңеске қатысып қайтқан тілшіміз тарқатады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қазіргі таңда үшінші мегаполисте 12 конфессияны біріктіретін 32 діни бірлестік тіркелген. Жыл басынан бері экстремизмнің алдын-алу мақсатында 4 000-нан астам шара өткізілді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде радикалды діни контентке жазылған 465 оқушы анықталған. Басқарма бұл мәселелерді еңсеруге етене кірісті. Жақын арада жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
СЕРҒАЗЫ ӘБІЛХАИРОВ, ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Әлеуметтік желіге толық мониторинг жүргіземіз. Бұл жұмысты бас имаммен бірлесе атқарамыз. Ал қазіргі таңда дін мәселесін зерттеу орталығында арнайы студия ашқалы жатырмыз. Уағызшыларды шақырып, ой-пікірлерін біліп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Шаһарда инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде 81 елді мекеннің 60-ы толық газбен қамтылса, 20-ы жартылай жүйеге қосылған. Өткен жылы 90 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Ал 2026 жылы Құрсай және Жаңаталап тұрғын алаптарында құрылыс жұмыстары басталмақ. Қызылжар-2 шағынауданына газ тарту үшін жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінген.
РЗАБЕК МЕҢДІҚҰЛОВ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
2024 жылдың қорытындысымен он нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Қайнарбұлақ, Ынтымақ, Бозарық, Еламан, Қаратөбе, Тәуелсіздікке-20 жыл елді мекендеріне табиғи газ берілді. Нысан жұмыстары аяқталғаннан кейін газбен қамту көрсеткіші 97,4 пайызға өсті.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Кеңесте мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы да баяндама жасады. Веб-портал мәліметіне сәйкес, қалада сатып алу жылдық жоспарының жалпы сомасы 626 млрд теңгені құрайды.
БАУЫРЖАН НИЯЗБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Есептік кезеңде 417 млрд теңгеге 1 770 жобаға конкурс жарияланды. Оның ішінде 68 пайызы ашық конкурс, 32 пайызы рейтинг баллды жүйе арқылы өткізілді. Сондай-ақ, мектептерге тамақтандыру және ұйымдастыру қызметтерін сатып алу бойынша 16 конкурс өткізілді.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жиында кеңес мүшелері баяндамаларды тыңдап, толғандырған сауалдарын жолдады. Ұсыныстарын білдіріп, мәселені шешу тетіктерін талқылады.