Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының халықпен көшпелі кездесуі басталды. Бұл жолы басшы Бекзат секторының тұрғындарымен жүздесті. Аудан аумағында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайын баяндап, халықтың өтінішін тыңдады.
Кездесу барысында тұрғындар қоғамдық көлік қатынасы, инфрақұрылым сапасы, ауыз су, кәріз жүйесі және жер мәселелері бойынша өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Қала басшысы тұрғындардың сауалдарын тыңдап, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Ауыз су желілерінің тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Апаттық жағдайлар көп орын алып жатыр. Кейбір көшелерде магистральдық кәріз желілері жүріп біткен. Асфальт төсеуді де көтермейді. Желілер жарылуда. Бұл мәселе бойынша арнайы бөлімдерге тапсырма берілген.
Қазіргі таңда аудан аумағында инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл №18 мектеп пен «Балғын» балабақшасы маңында балаларға арналған ойын алаңы салынды. Келер жылы көшелерде көгалдандыру мен суғару жүйесін орнату көзделіп отыр.
ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Қазіргі таңда кәріз желілеріне қатысты он үш нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл 7 нысанның құрылысы аяқталмақ, қалған нысандар келесі жылға өтпелі. Магистральдық кәріз жүйелерінің құрылысы жүруде. Осы жылдың соңына дейін желілерді төсеп, салып бітіру жоспарланып отыр.
Аудандағы 141 көшенің 98 пайызы жарықтандырылған. Биыл 6,6 шақырым болатын төрт көшеде орташа жөндеу аяқталып, тағы екі көшеде құрылыс жұмыстары жалғаспақ. Кездесу соңында қала басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.