Енді колледж студенттері Түркиялық танымал компанияда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтай алады. Мұндай мүмкіндікті Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі қалыптастырып отыр. Бүгін оқу орын қабырғасында «Кәсіптік білім берудегі инновациялар» атты форсайт-сессия өтті. Алқалы жиынға Түркия, Италия, Өзбекстан мемлекеттері мен Қазақстанның озық құрылыс компаниялары қатысып, ынтымақтастық орнатты.


Сессияда құрылыс саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Кәсіптік білім беру тәсілдерін жетілдіру, дуальды оқыту жүйесін дамыту, инженер-педагогтердің кәсіби біліктілігін шыңдау тақырыптары сөз болды. Шетелдік мамандар баяндама жасап, жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасты. Түркиялық «Фиркан» құрылыс компаниясы колледж ұжымымен өзара байланыс орнатты.


 ДЖЕНГИЗХАН КОЛУКЫСА, «ФИРКАН» ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

 – «Біздің фирмамен колледж арасында келісім шарт жасалды. Енді арнаулы оқу орын студенттері теорияда алған білімдерін біздің кәсіпорында ұштай алады.


Серіктестер колледждің Сенімгерлік компаниясы «DAIA-CONSTRUCTION.KZ», «DAIA-TRANS» ЖШС-нің тәжірибе базаларын аралап, жұмыс барысымен танысты. Студенттер аталған өндіріс ошағында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Ол үшін шәкіртақыдан бөлек еңбекақы да алады. Жас еңбеккерлерге үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Сондай-ақ өндіріс алаңына тасымалдау қызметі де қарастырылған.


ҚАНАТ ИБРАЙЫМҚҰЛОВ, ТҮРКІСТАН ИНДУСТРИАЛДЫ-ҚҰРЫЛЫС КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

– «Бір үйдің 1000 шаршы метр пластикалық терезелерін біздің оқушылар орнатып жатыр.» «Өткен айда мысалы 3 мың 3 жүз 32 бөлшекті жасап шыққан студенттер. Есепшотымызға 332 мың теңге түсті. Бұл студенттер мен олардың тәлімгерлерінің ақшасы.»


Колледж өз студенттерін бәсекеге қабілетті, ісін толық меңгерген білікті маман етіп шығарады. Түлектерге екі қолға бір күрек ұстау қиынға соқпайды. Өйткені, оқу орын озат шәкірттерін серіктес компанияларға ұсынып, жұмысқа орналастырады.


 ЫРЫСАЛДЫ ОҢҒАРҚЫЗЫ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ

 – «Үздік түлектерімізді облыстағы үздік ұжымдарға жұмысқа орналастырып жатырмыз.»


 Форсайт-сессия барысында жиынға қатысушылар ортақ мүдде аясында пікір алмасып, тәжірибелерін жетілдірді.