Қала тұрғындарына ең бірінші кезекте сапалы инфрақұрылым қажет. Соңғы кезде әлеуметтік көмек сұрайтын азаматтардың саны да артқан. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесі Еңбекші ауданында кезекті көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырды.
Ұлданай Хаджибаева – 7 баланың анасы. Отбасымен қалаға көшіп келгеніне бір жыл болыпты. Жолдасы екеуі пәтер жалдап тұрады. Басты мәселесі – баспана. Қандай да бір көмек бола ма деп арызын арқалап, «AMANAT» партиясының қабылдауына келді.
ҰЛДАНАЙ ХАДЖИБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Үй мәселесін айттым қазір. Сөйтсем үй кезегіне тұру үшін прописка үш жыл болу керек екен. Үй кезегіне қоя алмаймыз деп отыр. Енді атаулы әлеуметтік көмекке жүгінемін.
Жергілікті тұрғындар инфрақұрылым, баспана, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді. Қатысушы мамандар әр азаматты жеке қабылдап, өз құзыреті шеңберінде түсіндірме беріп, тиісті шешу жолдарын ұсынды. Бірқатар мәселелер сол жерде дер кезінде шешілді, ал күрделі және қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бірінші кезекте шалғай елдімекендегі азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, талап тілектерін назарымызға алып, партиялық бақылауға қоямыз. Шалғай елдімекендерде 27 мобильді қабылдау өткізілді. Осы кезеңде 491 азаматтың өтініші тыңдалып, оның 59 пайызы оң шешімін тапты.
Айта кетейік, жыл басынан бері «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесі қаланың бес ауданын аралап, өтініш тілектерді саралады. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өтініш иелеріне кеңестер берілді. Партия өкілдерінің айтуынша, тұрғындармен тікелей кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.