Елімізде 30 мыңнан аса шетелдік студент оқиды. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі жетекші білім беру орталықтарының бірі ретінде өз позицияларын қарқынды түрде күшейтіп келеді. Ағымдағы оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында әлемнің 88 мемлекетінен келген 35 075 шетелдік студент білім алып жатыр.
Бұл көрсеткіш интернационалдандыру үдерісінің тұрақты өсімін және отандық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді, - дейді Ғылым және жоғары білім министрлігі. Шетелдік студенттер саны өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға өскен. Шетелдік студенттердің құрылымы білім алушылар географиясының айтарлықтай кеңейгенін байқатады. Қазақстанға жиі келетін студенттердің көшін Үндістан бастап тұр. Қазір елімізде 10 мыңға жуық үнді азаматы білім алады. Одан кейінгі орындарда: Түрікменстан – 9 089, Өзбекстан – 4 136, Қытай – 3 367 және Ресей – 2 426 студент. Оңтүстік Азия, Орталық Азия және Қытайдан келетін студенттердің жоғары үлесі Қазақстанның медицина, инженерия, IT және әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша бәсекелі білім беру бағдарламаларына сұраныс артқанын көрсетеді.