Шымкентте полиция дроны есірткі жасырушыны қылмыс үстінде ұстады.


 Учаскелік инспекторлар рейдтік іс-шара барысында пилотсыз ұшатын аппараттың көмегімен есірткі салынған түйіншектерді жасырын орындарға қойып жүрген ер адамды анықтады. Әуеден бақылау барысында патрульдік камера күдіктінің кезекті ораманы жасырып жатқан сәтін тіркеді. Тәртіп сақшылары оны жедел ұстап, уақытша ұстау изоляторына жөнелтті. Полицейлер заманауи технологиялардың құқықбұзушылықтарды жедел анықтауға және олардың жолын кесуге көмегі зор екенін айтады. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмыс жалғасуда.