Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Өткен аптада өңір елді мекендерінде 114 тазалық іс-шарасы өтіп, оған 33 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 171 тонна қоқыс шығарылған.
Өткен айда Сарыағаш ауданында экоакция аясында 11 000 түп ағаш отырғызылып, 3 000-ға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысқан. Сонымен бірге 18 тонна қоқыс жиналды. Түркістан облысында экологиялық мәселелерге қатысты хабарлама қабылдайтын «TazaQazBot» жүйесіне бүгінгі күнге дейін 3 423 өтінім түскен. Оның 3 420-сы орындалған. Осыған байланысты аудан-қала әкімдіктеріне платформаны халық арасында кеңінен насихаттау тапсырылды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған азаматтарға қатысты 27 137 хаттама толтырылып, 554,1 млн теңге айыппұл салынған. Ауыл округі әкімдері де өз құзыреті аясында шара қабылдап, 2025 жылдың басынан бері 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеп, 41,9 млн теңге айыппұл салған. Өндірілген қаржы көлемі 21,3 млн теңгені құрады.