Түркістан қаласы әкімдігі мен облыстық полиция департаменті ауқымды акция өткізді. Басты мақсат — есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл әрекеттерін ширатып, теріс салдарын жас буын санасына сіңірмеу.
Акцияға спортшылар мен қала тұрғындары қатысты. Шара барысында келушілер қоғамдық орындарды аралап, арнайы брошюраларды таратты. Граффити жазбалары өшіріліп, ықтимал қылмыстың алдын алу жұмыстары жүргізілді.
МАРАТ АСЫЛХАНҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ПОЛИЦИЯ ПОДПОЛКОВНИГІ
– «Мұндай іс-шара әрдайым өтіп отырады. Алдағы уақытта да мұндай іс-шаралар ұдайы жүргізіледі. Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарын есірткімен күресуге шақырамыз.»
Іс-шарада нашақорлықтың зияны туралы танымдық көріністер мен қойылымдар көрсетіліп, жасөспірімдерге қауіптің салдары түсіндірілді. Қоғамдық қауіпсіздікке бағытталған «Бомба, автобус» тақырыбындағы арнайы жаттығулар жасалды. Полиция қызметкерлері оқу-жаттығу әрекеттерін көрсетіп, жастарға қауіпсіздік ережелері мен сақтық шаралары туралы мағлұмат берді. Жастар жағы да белсене араласты.
БАҚЫТЖАН ТАШБАЕВ, СТУДЕНТ
– «Мен нашақорлыққа қарсымын. Ол адамды ішінен тоздырып, құрдымға алып баратын қауіп!»
Тәртіп сақшылары жас буынға нашақорлықтың заң алдындағы жауапкершілігін түсіндіріп, қандай қылмыстарға әкелуі мүмкін екенін айтты. Салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен шұғылдану қажеттігін жеткізді.