Облыста жер ресурстарын тиімді басқару жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірдің жалпы жер көлемі 11 млн 610 мың гектарды құрайды. Министрлік бекіткен жоспарға сәйкес облыста 110 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару міндеттелген болатын. Ал атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 129,6 мың гектар жер мемлекет қорына қайтарылды.


Мәжілісте Түркістан облысы жер қатынастары басқармасы басшысының баяндамасы тыңдалды. Құрылған жұмысшы топтың зерделеу жұмыстары барысында облыстағы 3960 жер пайдаланушының 373 мыңдай гектар жайылымында мал басы тіркелмегені анықталған.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мал басы тіркелмеген жайылым жерлерді қайтару бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу керек.Жерлердің ашық бөлінуі үшін цирфлық технологияны қолдануды шақырамын.


Жиында өңір басшысы жер мәселесінің - елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды бағыт екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға тапсырмалардың қатаң бақылауда болатынын жеткізді.


ЕРҒАЛИ ТІЛЕГЕН, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Республикада бекітілген 110 мың гектар жердің бүкіл аудан-қала бойынша есебі толығымен орындалды.Оның ішінде өз еркімен қайтарылған жер 43 мың гектар, сот тәртібімен 15700 гектар, келісімді бұзу арқылы 70 мың гектар жер қайтарылып отыр.


Жайылым мәселесін шешумен қатар, ауыл шаруашылығы айналымына жаңа жерлер қосу жұмыстары да жалғасуда. Биыл 145 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланып, бүгінде 12 конкурс ұйымдастырылып, 110 мың гектар немесе 478 жер учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілді.