Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы түйткілдер күн тәртібінен түспей отыр. Өңір аумағында тіркелген 128 қоқыс полигонының көпшілігі санитарлық әрі экологиялық талаптарға толық сай емес екені анықталды.


 Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте осы өзекті жағдай жан-жақты қаралып, жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді. Жоспар бойынша 2024–2026 жылдары полигондарды оңтайландыру, жаңарту және талапқа сәйкестендіру көзделгенімен, биыл 33 полигонды жабу және 29 нысанды ретке келтіру міндеті толық орындалмаған.


 ҒАЛЫМЖАН ТӨЛЕПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қолданыстағы полигондарды экологиялық ретке келтіру үшін облыстық бюджеттен 598 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Биыл 33 полигонды жабу және 29 нысанды ретке келтіру міндеті толық орындалмаған.


 Сонымен қатар облыста қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту қолға алынған. Жоспар бойынша 7 сұрыптау желісі мен 3 қайта өңдеу қондырғысы орнатылады.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 Аудан мен қала аумағындағы полигондарды санитарлық талаптарға сәйкестеуді, қалдықтардың көлемін өлшейтін арнайы құрылғыны жабдықтауды тапсырамын.


Жоспарға сәйкес сәйкес қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2025 жылы 31 пайызға жеткізу міндеттелген. Биылғы 10 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 30 пайызға орындалды. Келесі жылы қайта өңдеу үлесін 33 пайызға арттыру жоспарланып отыр.