Египеттің Каир қаласында өткен каратэден Әлем чемпионатында жерлесіміз Софья Берульцева күміс жүлдегер атанған болатын. Бүгін Шымкент қаласының халықаралық әуежайында жеңімпаз спортшыны күтіп алу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов, спорт мектебі басшылары, жаттықтырушылар және жанкүйерлер қатысты.
27-Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының көшбасшысы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева тағы бір жоғары нәтижеге қол жеткізді. Шымкенттік спортшы жарыстың финалына дейін сүрінбей өтіп, күміс медаль иеленді. Оның шеберлігі телеарна арқылы жарысты тамашалаған жанкүйерлерді ерекше қуантты.
ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Берульцеваны әлем чемпионатындағы жарқын нәтижесімен құттықтаймын. Келесі жылғы Азия ойындарында да жоғары жетістіктерге жетуіне тілектеспін. Тәжірибелі спортшы маңызды сынға тыңғылықты дайындалады деп сенемін.
Софья плей-офф кезеңінде италиялық Клио Ферракутти мен нидерландтық Ингрид Крименсті айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда Англия спортшысы Рошель Уолтерсті 5:3 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Шешуші кездесуде Германия спортшысы Йоханна Колено-Книргеден аздап есе жіберіп, күміс медаль иеленді.
Софья Берульцева – қазақ каратэсінің тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі. Бұған дейін ол әлем чемпионатында қола медаль алған. Биыл нәтижесін жақсартып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Каирдегі әлем чемпионатында 86 елден 378 спортшы бақ сынады. Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.