Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектік тобын белгілеу мақсатында медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуде қолданылатын жасанды интеллект моделін әзірлеп жатыр. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында хабарланды. Жасанды интеллект медициналық құжаттардағы деректерді тану және құрылымдау жүйесі ретінде пайдаланылмақ.


Жаңа жүйе ұсынылған мәліметтердің толықтығын тексеру, диагноздарды еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесімен салыстыру, сондай-ақ қорытынды шешімге қатысты ұсынымдар беру процестерін автоматтандырады. Бұл құралды енгізу рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, мүгедектік тобын анықтау кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта жасанды интеллект моделін оқыту, электрондық құжаттарды ұсынуға арналған ақпараттық жүйелерді біріктіру жұмыстары басталды. Клиникалық диагнозды растайтын барлық емдеу-диагностикалық, зертханалық және аспаптық зерттеулерді цифрландыру және оларды құрылымдалған түрде беру процестері жүргізіліп жатыр. Дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін куәландырудың жаңа форматын пилоттық режімде апробациялау жоспарланған.