Елімізде мемлекет тарапынан бөлінетін түрлі көмектерге қол жаюға әдеттенгендер көбейген. Осыған байланысты «масылдық пен мұқтаждықты ажырату» мәселесі жиі көтеріліп келеді. Үкіметке қолын созатындармен күрес Шымкентте де жанданған. «Бақытты отбасы» орталығында өткен шара туралы келесі бейнематериалда.


Мемлекетіміз мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуден ешқашан тартынған емес. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға басымдық беріліп отыр. Тарыққанға тай, қамыққанға қой беру – қазақтың қанындағы қасиет. Ал мұқтаж азаматтарды жұмыспен қамту – масылдықты жоюдың ең тиімді жолы, – дейді имамдар.


ИКРАМХАН ӘБДІШӘКІР, ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетіп келеміз. Жатын орын да қарастырылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң талай отбасының мәселесін шешуге ықпал етті.


 Масылдық сана – қоғамдық дерт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталған еді. Ол тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын, әр азаматтың өз еңбегімен өмір сүргені дұрыс екенін атап өткен.


МАЙРА ТӘШКЕНБАЕВА, ҚОРҒАНШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біз тұрғындарға жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Мұқтаж отбасылар мен масылдық көзқарастағыларды ажырату қиындап барады. Әр адам өзіне өзі жауапты болуы тиіс деп санаймын.


Масылдық – қоғамды тежейтін іріткі. Ол ұлттың дамуын баяулатып, өркендеуге кедергі келтіреді. Жиынға қатысқандардың ортақ пікірі – осы кеселден арылмайынша, елдің ілгерілеуі қиын болатыны. Сондықтан масылдыққа жол бермеу – тұрақты дамудың басты шарты.