Шымкентте ірі жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Бүгін қала әкімі Польшаның «Fabe-Agro» компаниясының басшылығымен бірге капсула салу рәсіміне қатысты. Жобаның жалпы құны 137 миллион АҚШ долларын құрайды.
Мәртөбе тұрғын алабында іске асырылатын бұл жобаның аумағы 144 гектарды қамтиды. Қазіргі таңда нысанға қажетті инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары басталып кетті. Кешен толық іске қосылғаннан кейін жылына 36 мың тонна өнім өндіріліп, 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
МУРАТ БУДАН, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ
Бұл жерде 140 гектарды құрайтын жылыжай салынады. Жылыжай құрылысын 2028 жылы толық аяқтаймыз. Жоба толық іске қосылған соң 1200-ге жуық адамды жұмыспен қамтимыз.
Салтанатты шарада сөз алған қала әкімі бұл жобаның агроөнеркәсіп саласының дамуына зор үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ инвесторларға көрсетілетін қолдау жұмыстарының жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологияларын қолдау бойынша Президентіміздің тапсырмасы бар. Бұл жобаның осы бағытта үлкен рөл атқаратынына сенеміз. Жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Жоба аясында заманауи жылыжай технологиялары енгізіліп, қызанақ пен құлпынай секілді жоғары сұранысқа ие дақылдарды жыл бойы үздіксіз өсіруге мүмкіндік туады.
ТАЛҒАТ МЕКЕНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазір егіліп жатқан қызанақтың он шақты түрі бар. Кешен толық іске қосылған кезде басқа да дақылдар түрін қосу жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, кешен құрылысы аяқталған соң шаһардың аграрлық саласы жаңа деңгейге көтеріліп, тұрғындарға балғын әрі сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізу мүмкіндігі артады.