Биыл елімізде мүгедектікті белгілеу бойынша 99 мыңнан астам өтінім сырттай қаралған. Жыл басынан бері мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманың сырттай форматы пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Жоба аясында Қазақстанның барлық өңірлерінен 99,6 мың өтінім өңделген. Бүгінде сырттай форматта куәландыру 50-ден аса нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Өткен жылы 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралған. Бұл - куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,4 пайызы. Айта кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп жұмыс жүргізді. Нәтижесінде Қазақстанның барлық 20 өңірінде медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізу форматы пилоттық режимде іске асырылды. Мүгедектік тобын белгілеу қызметін алу үшін өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгініп, қажетті тексеруден өтуі тиіс. Қалған барлық процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы азаматтың қатысуынсыз жүзеге асырылады.