Жыл басынан бері отбасының цифрлық картасы арқылы 246 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілді. Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде жыл басынан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 463 мың адамға SMS-хабарлама жолданған. Бұл ретте 246 мыңнан аса адам өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін пайдаланып үлгерген. Бұл туралы  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.


 Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелердің деректері негізінде жұмыс істейді. Бүгінде онда Қазақстанның 20 млн азаматы, яғни 6,2 млн-нан аса отбасы туралы ақпарат жинақталған. Оны енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөміріне, Call-орталыққа хабарласып, анық-қанығын анықтауға мүмкіндік бар. Қоңырау шалу тегін.