Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қоғамдық кеңес мүшелерімен арнайы кездесу өткізді. Басқосуда ұлттық мүдде, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі, дін саласындағы өзекті мәселелер, сондай-ақ жаңа Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар кеңінен талқыланды.
Жиында Жаңа Конституция жобасының маңыздылығы айтылып, оны халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшелерінің атқарған жұмыстары сараланып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар таныстырылды.
БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ
Көптеген жерлерге бардық. Бүгінгі мәселелерді халыққа түсіндіріп айтып жүрміз. Дегенмен халық жақсы қабылдап жатыр. Өзгерістердің болып жатқанын ақпарат құралдарынан көріп отыр. Ақсақалдарымыздың барлығы қолдап, құптап жатыр.
Кездесуде қала әкімінің орынбасары қоғамдағы тұрақтылық пен орнықты даму ұлттық құндылықтарды сақтау және заң үстемдігін нығайтудан басталатынын атап өтті.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Конституциясына өзгеріс енгізбейтін, толықтыру жасамайтын мемлекет қалған жоқ. Конституциямызға 30 жыл болыпты. Жаман болғанымыз жоқ. Елдің бірлігі, ауызбіршілігі, ынтымақтастығы осының арқасында қалыптасты. Өзінің тарихи еңбегін сіңірді деп айта аламыз. Ол кездегі саясат сондай болды - алдымен экономикаға басымдық берілді. Қазір саясатымыздың өзгергенін байқап отырмыз. Себебі біз шикізаттық экономикаға құрылған мемлекет едік. Мәдениет, білім, ғылым мәселелері бұрын мұндай деңгейде көтерілмеген. Конституцияның келесі жетістігі - білім мен ғылымды, мәдениетіміз бен дәстүрімізді, салтымызды айрықша атап көрсетуі.
Жиын барысында қаладағы білім беру саласының қазіргі ахуалы, мектептердегі білім сапасы, педагог мәртебесі және ғылымды қолдау мәселелері жан-жақты қаралды. Қатысушылар ғылым мен білімге деген қоғамдық сұраныстың артып келе жатқанын атап өтіп, бұл бағытқа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.