Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған 35 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелерін қуанышымен құттықтады. Көпқабатты тұрғын үйлер Асар-2 шағынауданында орналасқан.

Шымкенттік тұрғын Жансая Қалшабек үй кезегіне 2018 жылдың ақпанында тіркелген. Сегіз жыл бойы баспаналы болуды армандаған ана бүгінде екі бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды.


ЖАНСАЯ ҚАЛШАБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Көңіл-күйім өте керемет. Қатты толқып тұрмын. Сегіз жылдан бері армандаған баспанамыздың кілтін алдық. 2018 жылдың ақпанында үй кезегіне тіркелген едім. Хабарлама келген кезде өз көзіме өзім сенбедім. Бірден қайын әпкеме жаздым. Ол кісі құттықтап, рас екенін айтты.

Қалада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда шаһарда 92 мыңға жуық адам үй кезегінде тіркелген. Оның 36 мыңға жуығы -әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар.

ЕРКІН АХЫНШАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
544 пәтердің 235-і 2025 жылы үлестірілді. Биыл кезекте тұрған азаматтарға 120 пәтер берілді. Қазіргі таңда 200-ден астам пәтер дайын тұр. Тұрғындарға хабарлама жолдап, келесі аптада үлестіретін боламыз.

Шымкентте баспана беру ісі жүйелі түрде жалғасып келеді. Былтырдың өзінде 1 500 азамат жаңа пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Олардың арасында жалдамалы тұрғын үйді сатып алу құқығымен рәсімдегендер де, ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болғандар да бар.