Мектеп жасындағы балалар мамандық таңдауда қиналады. Айналасындағы ғана кәсіп иелерін таныған талапты жасқа таңдау аз. Қаладағы бірқатар мектеп оқушыларына мамандық таңдаудан “Ашық есік” күні ұйымдастырылды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті колледжінің ұйымдастыруымен өткен игі шараны тілші әңгімелейді.
Бұл колледжде техникалық кәсіптерге басымдық беріледі. Мемлекеттен бөлінетін гранттың да сүбелі бөлігі жұмысшы мамандықтарға арналған. Мемлекеттің назарында тұрған кәсіби мамандарды даярлауға білім ордасының материалдық-техникалық базасы жеткілікті. Колледжде 1,5 мыңнан астам студент білім алады.
ГҮЛЖАН СӘДУАҚАСОВА, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Біздің жалпы кадрлық құрамымыз жеткілікті. 50 пайыздан астам магистр мамандар бар. Зерттеушілеріміз, шеберлеріміз бар. 1,5 мың студент болса, оның 88 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алуда.
Мамандық таңдау – өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандық таңдауға әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне және қалауына сүйенуі керек. Акцияға қатысқан балалар мың ойланып, мың толғануда. Десе де, пәк көңілді жастар алғашқы таңдауын жасады.
АЛИНА ҚАБЫЛБЕК, ОҚУШЫ
Қазіргі таңда мамандық іздеу барысындамын. Осы колледжге арнайы келдім, көптеген мәліметтер алдым.
Салтанатты шара барысында еңбегімен көзге түскен, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған мұғалімдер мен студенттер марапатталды. Сондай-ақ, колледж студенттері мен арнайы пән оқытушыларының жетекшілігімен өз қолдарымен тіккен өнер туындыларын паш еткен дефиле ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – мектеп оқушыларына мамандық таңдауға жәрдем беру және таңдаған мамандығына ынталандыру.