Биыл шымкенттік оқушылардың жазғы демалысы ерекше форматта ұйымдастырылады. Балалар үшін экскурсиялар, спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар өткізіліп, музейлерге, саябақтар мен кинотеатрларға саяхат жоспарланған. Жалпы қала бойынша 245 мың оқушының жазғы тынығуы қамтылмақ. Оның ішінде 225 мыңға жуық бала мектеп жанындағы лагерлерде демалады.


Сонымен қатар 11 мыңнан астам оқушы сауықтыру лагерлеріне жолдама алады. Олар мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықталған демалыс орындары мен Оқушылар сарайына қарасты Ақсу, Машат-Арасан, Үркер, Үшбұлақ, Турбаза Қазығұрт және Көктөбе-1 лагерлерінде тынығады. Бұл лагерьлер Түлкібас, Қазығұрт аудандарында, сондай-ақ Шымкент пен Кентау қалаларында орналасқан. Жазғы маусымда жоғары сынып оқушылары кәсіптік бағдар беру жобаларына да қатысады. Олар түрлі оқу орындарындағы заманауи технологиялармен танысып, шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік алады. Айта кетейік, биыл лагерьге қабылдау үдерісі толық цифрландырылып, өтініштер QOSYMSHA ақпараттық жүйесі арқылы қабылдануда. Балаларды лагерьлерге қабылдау қолданыстағы нормативтік-құқықтық талаптарға сәйкес жүргізіледі.