«Таза Қазақстан» – тек науқан емес, қалыптасып келе жатқан мәдениет. Шымкентте тұрғындардың экологиялық жауапкершілігі артып, қала көшелері мен демалыс аймақтарында қоқыс азайған. Бұл игі үрдіс мегаполисте тұрақты жалғасып келеді. Бұл жолы Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен коммуналдық мекеме жұмысшылары Бадам өзені маңында сенбілік өткізді.


Қала тазалығы – баршаға ортақ міндет. Осы ұстанымды қолдаған қатысушылар өзен жағалауын қоқыстан тазартып, аумақты ретке келтірді. Қазір бұл аумақта қоқыс көлемі айтарлықтай азайған. Себебі тұрғындар да экологиялық мәдениетті меңгеріп, қалдықты арнайы жәшіктерге тастауды әдетке айналдырған.


ШЕКЕРНАЗ АЛИЕВА, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫ
Қоқыс тастау мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Бұрын кез келген жерге тастай салу жиі кездесетін, қазір арнайы жәшіктерге салады. Тұрғындар да тазалыққа үйреніп жатыр, нәтижесі байқалады.


 Әл-Фараби ауданы аумағында екі өзен бар. Бұл аумақтарда санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп, демалыс орындары жүйелі түрде ретке келтіріліп отырады. Игі іске бұл жолы 50-ге жуық адам қатысып, аумақ тазартылды.


БЕРІК ЖАНАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Жыл басынан бері ауданда 18 сенбілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар әр сәрсенбі және сенбі күндері көпқабатты үйлер аулаларында тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бүгінгі шара барысында шөп шабу, жол жиегін тазалау және урналарды ретке келтіру жұмыстары атқарылды.


Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әр сенбі сайын қаладағы бес ауданда арнайы белгіленген аумақтарда өткізіледі. 2026 жылдың көктемінде өткен сенбіліктерге 57 мыңға жуық тұрғын қатысып, 440 тоннадан астам қалдық шығарылған.