Түркі елдерінің жастары енді бір-бірінің университеттерінде жеңілдікпен білім алуы мүмкін. Түркі мемлекеттері университеттерінің лигасын құру бастамасы Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің ІХ отырысында көтерілді. Жоба ортақ академиялық ұтқырлықты дамытуға және білім саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.
Қасиетті Түркістан бүгінде түркі әлемінің рухани әрі саяси байланысын нығайтатын маңызды алаңға айналып отыр. Түркі тілдес мемлекеттер саммитінен кейін өткен бұл жиында ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар академиялық ынтымақтастықты кеңейту, цифрлық оқытуды дамыту, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту және білім беру сапасын арттыру бағытындағы бастамаларды ортаға салды.
ДОГДУРКУЛ КЕНДИРБАЕВА, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ МИНИСТРІ
Жиын барысында академиялық ынтымақтастықты кеңейту, цифрлық оқытуды дамыту, біліктіліктерді өзара тану тетіктерін жетілдіру, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ТМҰ елдеріндегі білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Жиын барысында ортақ тарихи-мәдени құндылықтарға негізделген біртұтас білім беру кеңістігін қалыптастыру мәселесі де сөз болды. Тараптар ғылым мен білім саласындағы байланысты күшейтуге дайын екендерін жеткізді.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ
Білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, академиялық ұтқырлықты дамыту, цифрлық оқытуды жетілдіру және бірлескен ғылыми бастамаларды іске асыру арқылы мемлекеттеріміздің тұрақты дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыра аламыз деп сенемін.
Сонымен қатар кездесуде цифрлық интеграция, білім беру технологиялары, деректер алмасу және жасанды интеллект бағытындағы бірлескен жобалар талқыланды. Осы ретте «Цифрлық түркі әлемі» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
КУБАНЫЧБЕК ОМУРАЛИЕВ, ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ
Бүгінгі отырыстың стратегиялық маңызы ерекше. Өйткені білім беру – ортақ мақсат-мұраттарымыздың негізі әрі ортақ құндылықтарымызды сақтай отырып, түркі әлемін білім, инновация және жасанды интеллект дәуіріне бастайтын жаңа буынды қалыптастырудың маңызды құралы.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің ІХ отырысының коммюникесіне қол қойды. Құжатта білім беру, ғылым, академиялық ұтқырлық, цифрландыру және кадр даярлау салаларындағы алдағы бірлескен қадамдар нақтыланды.