Өңірлік даму мен жаңа инвестициялық мүмкіндіктер. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен аттанды.


Делегацияның алғашқы бағыты – Азиядағы гүл шаруашылығы мен агротехнологиясы дамыған орталықтардың бірі Юньнань провинциясының Куньмин қаласы болды. Бұл – Қазақстан өңірлері ішінде Түркістан облысы алғашқылардың бірі болып барған ресми сапар. Келіссөздер барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері кеңінен баяндалды. Сондай-ақ жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Тараптар Түркістан аумағында автожол құрылысы мен логистикалық орталық салу бағытындағы жобаларға ерекше назар аударды. Қытайлық инвесторлар ұсынылған бастамаларға қызығушылық танытып, ұзақ мерзімді әріптестікке дайын екенін жеткізді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл байланыс тек экономикамен шектелмей, өңірлік тұрақтылық пен даму үшін маңызды тірекке айналып отыр. Мемлекеттер арасындағы тұрақты диалог ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы әріптестік те жаңа серпін алып отыр. Түркістан облысы – инвестицияға қолайлы өңір.


Соңғы деректерге сәйкес, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция тарту бойынша көшбасшы елдердің қатарында. Екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жетіп, оның ішінде экспорт – 19 млрд, импорт – 29,7 млрд. Түркістан облысының жалпы көрсеткіштегі үлесі 684,3 млн АҚШ долларын құрап отыр.