Гүл индустриясындағы жаңа мүмкіндік пен халықаралық серіктестік. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Юньнань провинциясының Куньмин қаласында гүл саласының жетекші өкілі – Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Лю Цзюньфэнмен кездесті. Тараптар гүл шаруашылығы, логистика, инвестиция және экспорт бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.


Куньмин – әлемдік гүл нарығындағы ең ірі орталықтардың бірі. Қытайда өндірілетін гүл өнімдерінің шамамен 80 пайызы осы өңірде өсіріледі. Мұнда Азиядағы ең ірі гүл сауда биржасы орналасқан және өнімдер әлемнің көптеген еліне, соның ішінде Қазақстанға да экспортталады. Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі өңірдің гүл шаруашылығын дамытуға зор әлеуеті бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістанның қолайлы географиялық орналасуы, климаттық жағдайы және еңбек ресурстары оны өңірлік гүл өндірісі мен логистикалық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан облысы Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешеннің жетекші өңірі саналады. Жылыжай шаруашылығы бойынша республикада бірінші орында тұр. Өңірде жалпы аумағы 1007 гектарды құрайтын жылыжайлар бар, бұл елдегі барлық жылыжайлардың 72 пайызына тең. Сонымен қатар аймақта дәстүрлі ауыл шаруашылығымен қатар банан, лимон, құлпынай сияқты субтропикалық дақылдар да өсірілуде. Голландиялық технологиялар негізінде раушан гүлін өндіру де қарқынды дамып келеді.