Ауладағы ашық әңгіме, тұрғындардың нақты талабы және қордаланған мәселелер. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков көшпелі кездесулердің қорытынды күнінде Еңбекші ауданында болып, халықтың талап-тілегін тыңдады. Қойкелді батыр көшесі мен Оңтүстік, Айнатас, Достық шағынаудандарының тұрғындары инфрақұрылымнан бастап балалар алаңына дейінгі өзекті проблемаларды көтеріп, ауданның дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді.


Кездесуде жер қатынастары, ирригациялық жүйенің жұмысы, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станциялардың жай-күйі жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар балалар және спорт алаңдарын, шағын футбол алаңдарын салу мәселесі де көтерілді. Тұрғындарға Көксай ауданын жаңарту тұжырымдамасы мен тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасының жүзеге асу тетіктері түсіндірілді. Бұдан бөлек, ұялы байланыс сапасын арттыру, ішкі жолдарды кеңейту, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату мәселелері де назарға алынды. Қала әкімі жауапты басқармаларға тұрғындардың өтініштерін дер кезінде қарап, жұмысты күшейтуді тапсырды. Айтуынша, қолға алынған барлық шара халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс. Кездесу соңында мегаполис басшысы белсенділік танытып, қаланың дамуына бейжай қарамайтын тұрғындарға алғыс айтты. Айта кетейік, көшпелі кездесулер барысында көтерілген барлық мәселе жүйеленіп, кезең-кезеңімен шешу жоспары әзірленеді.