Биыл 475 шымкенттікті кене шаққан. Қатерлі дертке шалдықтыратын зиянкес кісі баласына қауіп төндіруі мүмкін. Ветеринарлар қауіптің алдын алу үшін қаладағы қора-жай, гүлзар, саябақ аумақтарын залалсыздандырып келеді. Осы мақсатта 4,6 млн шаршы метр аумаққа дәрілік сұйықтық себілген.

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Залалсыздандыру жұмыстарының алғашқы легі наурыз-мамыр айларында жүргізілді. 18 маманнан тұратын 6 бригада қаладағы кене қаупі жоғары орындарға сұйық және құрғақ дәрілерді бүріккен. Сондай-ақ маса мен кеміргіштерге қарсы сұйықтықтар да себілген.

ҚАЙРАТ БАЗАРБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Жылдағы үрдіс бойынша жылына көктем-күз айларында екі рет жұмыс жүргізіледі. Көктемгі кезең сәуір-тамыз айларында өтеді. Химиялық әдістер мен улы жемдерді қолдану арқылы жүргізіледі. Бұл жұмыстарға 10 маман, 2 арнайы техника жұмылдырылған.»

30 МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚАҢҒЫБАС ИТ АУЛАНДЫ


 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Ветеринарлар аптасына 400-ге жуық бұралқы ит пен қаңғыбас мысық ұстайды. Оларды «Ақтастағы» арнайы орынға жеткізіп, тексерістен өткізеді. Дені сау, зиянсыз жануарларды асырап алуға ниетті тұрғындарға тапсырады. Ал құтыру белгілері байқалған ит-мысықтарды жансыздандырады. Дер кезінде жасалған профилактика нәтижесінде жыл басынан бері ешбір шымкенттікті құтырған ит қаппаған.

ҚАЙРАТ БАЗАРБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Отыз мыңға жуық ит ауланды. Оның 400-ге жуығын ерікті азаматтар асырап алды.»  «Бізде “Айкөмек” бар. Соған келіп түскен арыз-шағым негізінде де жұмыс істейміз.»

 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Мамандар ит тістеген жағдайда дереу дәрігер қабылдауына барып, тексерістен өту қажет екенін айтады. Қажетті ем-дом шараларын жасап, қауіптің алдын алу керек. Әйтпесе, арты қайғылы жағдайларға әкеп соғуы мүмкін.