Бір кездері Еуразияның ұлан-ғайыр даласына үстемдік жүргізген Алтын Орда империясы өркениеттік жетістіктерімен талайдың таңдайын қақтырған. Шығыс пен Батысты жалғаған алып мемлекет ғылымда көш бастап, мәдениетімен дараланған. Дегенмен, мамандар Алтын Орда жайлы әлі де зерттелмеген тың деректер барын айтады. Тарихты қайта зерделеу үшін әлем елдерінен келген ғалымдар Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде бас қосты. Тағылымды жиын экономика ғылымдарының докторы Серікбай Құрманбаевтың сексен жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Келелі кездесуде Алтын Орда дәуірінің тарихи орны мен Ұлы дала өркениетінің бай мұрасы кеңінен талқыланды. Ғалымдар ортағасырлық мемлекеттердің қалыптасу ерекшеліктеріне тоқталып, түркі халықтарының ортақ тарихи тамыры мен мәдени сабақтастығы жөнінде ой бөлісті. Мамандардың айтуынша, әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи деректер аз емес. Сондықтан мұндай ғылыми басқосулар өткенді тануға ғана емес, ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға да жол ашады.
ҚАНАТБЕК КЕМЕЛБЕКОВ, АКАДЕМИК Ә. ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ
Кешегі көшпенділер дәуірі тек жаугершілік емес, экономиканы дамытуға да үлес қосты. Ата-бабамыз елді дамытуға өзіндік үлес қосты. Бейбіт заман ол дәуірде де болған. Бүгінгі зерттеулер сол сөзімді айқындайды.
Тарихшылардың пікірінше, қазіргі қазақ даласындағы дәстүрлердің бірқатары дәл осы Алтын Орда кезеңіндегі басқару жүйесімен сабақтас. Бұл пікірлер ғылыми ортада қызу талқыланып, ортақ өркениеттік тамыр туралы тың көзқарас қалыптастырды. Жиын барысында қатысушылар өткен тарихты зерделеудің маңыздылығына тоқталып, жас ұрпаққа тағылымды мұраны насихаттау мәселелерін кеңінен сөз етті.
ЮКЗЕЛ КАШТАН, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
Бүгінгі жиында Алтын Орда дәуіріндегі зерттеулерді ортаға салып, талқылау өткізіп жатырмыз. Конференцияда бұл тақырыпта өз баяндамамды жасаймын. Бұл түрік халқы мен қазақ халқын байланыстыратын көпір деп ойлаймын. Жалпы, қазақ жастары өз тіліне, өз тарихына құрметпен қарауы керек.
Басқосуда университет профессоры Серікбай Қожанұлы жасанды интеллект жайлы ой қозғады. Ол цифрлық технологиялардың ғылымды дамытудағы маңызын атап өтіп, жасанды интеллекттің жаңа зерттеу бағыттарын жіктеді. Айтуынша, жаңа дәуірдегі бұл технология адамзат пайда болған сәттен бастап өркендеп келеді.
СЕРІКБАЙ ҚҰРМАНБАЕВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
Жасанды интеллект мыңдаған жылдар бойы қасымызда жүрді. Жасанды интеллект деген – адамның, жануардың ойлау қабілеті. Адамзат қай жаратылса басталса, жасанды интеллект те сабақтасып, өмір сүріп келеді. Сондықтан оны күнделікті өмірден ажыратып жіктеу қиын.
Серікбай Қожанұлы – ғылым мен білім саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті ғалым, ұлағатты ұстаз. Халықаралық жиында өзге өңірлерден келген зерттеушілер оның салаға қосқан үлесіне жоғары баға берді. Ғылыми қауымдастық арасында беделі жоғары профессордың көпжылдық еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Шәкірт тәрбиелеу ісінде тер төгіп жүрген ғалымға Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы мен университет ректорының Алғыс хаты табысталды.
НҰРЛАН ҚУАТБЕКОВ, АКАДЕМИК Ә. ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Серікбай Қожанұлы елдің ғылыми әлеуетін дамытуға үлес қосты. Шәкірттері бүгінде ғылымның биік шыңынан көрініп келеді. Ал профессордың жасаған ғылыми зерттеулері тың бағыттарға жол ашты.
Басқосу тарих пен бүгінді байланыстырып, ұлттық мұраны насихаттауға тың серпін берді. Жиында қатысушылар өзара пікір алмасып, Алтын Орда мұрасын зерттеу төңірегінде ой бөлісті.