Лицензиясыз алкоголь сатып, заңсыз темекі саудалағандардың әрекеті әшкереленді. Шымкентте жүргізілген рейдтік тексерулер кезінде мыңдаған бөтелке алкоголь мен темекі өнімдері тәркіленді.
Мамандардың мәліметінше, тексеру барысында 3 сауда орнынан жалпы құны 23 миллион теңгеден асатын 26 мыңнан астам бөтелке алкоголь өнімі анықталған. Ал тағы 12 сауда нүктесінен құны 7 миллион теңгеге жуық 14 мыңнан астам қорап заңсыз темекі өнімі табылды. Заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданған. Егер заңсыз алкоголь өнімдерін сақтау немесе сату дерегі дәлелденсе, құқық бұзушыларға қомақты айыппұл салынып, өнімдері тәркіленеді.
ТАЛАПБЕК САТТАРОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Алкоголь өнімдері мен темекіні сату үшін саудагерлерге лицензия керек.Бірақ, жыл басынан бері ескертуді елемеген 12 адам анықталды.Олар лицензия алмай, өнімді ашық саудаға салған.Қазір іс сотқа жолданды.
Темекі өнімдеріне қатысты да жауапкершілік қарастырылған. Мемлекеттік кірістер басқармасы алкоголь өнімдерін сатуға тек арнайы лицензиясы бар кәсіпкерлердің ғана құқығы бар екенін ескертеді. Сондықтан мамандар кәсіп иелерін заң талаптарын сақтап, қажетті құжаттарды рәсімдеуге шақырады.