Түркістан төрінде ұлт руханиятының жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы мен шығармашылығына арналған мазмұнды кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрме барысында тұлғаның елдік мүдде жолындағы қызметі мен ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан сүбелі үлесі кеңінен таныстырылды.


Экспозицияда Өзбекәлі Жәнібековтің ғұмырына қатысты құнды еңбектер, тарихи мақалалар, архивтік деректер мен фотоматериалдар көрініс тапты. Келушілер қайраткердің бай рухани мұрасымен танысып, оның ұлт тарихындағы орнын тереңірек пайымдауға мүмкіндік алды. Осындай мазмұнды басқосулар жастардың тарихи танымын кеңейтуге жол ашатыны айтылды.


 ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Кітап адамзат өркениетінің ең ұлы жетістіктерінің бірі. Ол рухани кемелденуіміздің негізгі көзі.


Осы күні қазақ әдебиеті мен ғылымында өзіндік орны бар қаламгер Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібек кім?» атты жаңа еңбегінің тұсаукесері де көпшілікке таныстырылды. Жиында кітаптың мазмұны мен тарихи құндылығы туралы ойлар ортаға салынып, автордың зерттеу еңбегі ерекше аталды.


ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК, ҒАЛЫМ, ЖАЗУШЫ
Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Онсыз мына заманның талабына төтеп беру қиын. Бұл – әлі сиясы кеппеген жаңа еңбегімнің тұсаукесері.


Жиынға қатысушылар жаңа кітаптың Өзбекәлі Жәнібеков мұрасын кеңінен насихаттауға және тарихи тұлғаны жас ұрпаққа танытуға зор үлес қосатынын атап өтті. Тағылымды кездесу ұлттық руханиятты дәріптеген, тарихи жадыны жаңғыртқан маңызды мәдени шара ретінде есте қалды.