• Шымкентте «Есірткісіз қала» акциясы бастау алды. Жергілікті әкімдік пен полиция бірлесіп ұйымдастырған шараға екі мыңнан астам адам қатысты. Олар бір ай бойы қала аумағындағы барлық мөлтек аудандар мен көшелерді аралап, есірткі жарнамаларын анықтап, жою жұмыстарын жүргізеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты негізіндегі шара барысында синтетикалық заттар жасырылған орындар арнайы картаға енгізіліп, бақылауға алынады.

  •  «Шымкент – есірткісіз қала» акциясына құзырлы орган өкілдері, прокурорлар, қоғамдық ұйымдар, нарколог дәрігерлер, коммуналдық мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен танымал спортшылар қатысты. Әлемдік додаларда топ жарған саңлақтар жастарды бұл кеселдің шырмауына түспеуге шақырып, салауатты өмір салтын ұстануға үндеді.

  •  БІРЖАН ЖАҚЫП, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
     – Нәтиже бірден болмайды. Спортта да жетістік еңбекпен келеді. Сол сияқты бұл жұмысты тоқтатпауымыз керек. Тоқтасақ, жағдай одан әрі өршіп кетуі мүмкін. Сондықтан бәріміз шын ниетпен атсалыссақ, бұл індеттен арыламыз деп ойлаймын.

  •  Ғасыр дертіне айналған бұл кесел бүгінде интернет арқылы кең таралып отыр. Жыл басынан бері 200 қылмыстың беті ашылған. «Антифрод» бағдарламасы арқылы есірткі сататын 500 сайт жойылып, есепшоттары бұғатталған. Ең алаңдатарлығы — есірткіге қатысты қылмысқа кәмелетке толмағандардың да тартылуы.

  • АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
    – Соңғы кезде кәмелетке толмаған жастар есірткіге қатысты қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Себебі есірткі жарнамалары арқылы оларға жұмыс ұсынылады. Өздеріңізге мәлім, оқу жылы аяқталды, қазір үш айлық демалыс. Жастардың барлығы каникулда жүр. Сондықтан олардың алдын алып, жастарды сақтап қалу мақсатында осындай ауқымды іс-шара ұйымдастырылып отыр.

  • Акцияға қатысушылар бес ауданға бөлініп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара аясында екі мыңнан астам граффити түріндегі есірткі жарнамасы мен интернеттегі сілтемелерінің атаулары жойылды.

  •  АЯУЛЫМ ШАРЫПХАН, ЕРІКТІ
     – Есірткі жарнамаларын бояумен өшірдік. Бұл жұмыстардың басты мақсаты — жастар есірткіге жоламаса екен деген ниет. Жалпы қоғамды осы індеттен сақтап қалуға үлес қосқымыз келеді. Әр адамның денсаулығы мен қоғам тыныштығы үшін мұның маңызы зор.

  • Есірткі - ауыр қылмыс санатына жатады. Көп жағдайда жастар оның заңсыз екенін біле тұра, оңай жолмен ақша тапқысы келіп, қаскөйлердің арбауына түсіп жатады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шымкент - есірткісіз қала» акциясының басты мақсаты - қоғамда бұл індетке қарсы көзқарас қалыптастырып, оның алдын алу.