1990 жылдың 5-ші қарашасынан бастап, тікелей эфирде хабар таратқан телеарна бастапқыда «Оңтүстік Қазақстан теледидары» болса, сәл кейін, Шымкент теледидары, яғни, ШТД деген атаумен көрермен жадында берік сақталды. 1991 жылы жылжымалы телестудияға тәуелсіз бейнекамералар мен бейнемагнитофондар, монтаждау жабдықтары сатып алынды. Айта кетерлігі алғашқы 4 жыл көлемінде теларананың таратылу аумағы тек Шымкент қаласының территориясын ғана қамтыды. Кейін 1995 жылдан арна дербес жиілікке  ие болып, Шымкент қаласы мен іргелес жатқан алты ауданға тәулігіне қосымша 3 сағаттық хабар тарата бастады. Тоқырау жылдары тұрмыстың төмендігіне қарамастан ілгері жылжыған телеарна бүгінде заман талабына сай жабдықталған.


Ширек ғасырдан астам тарихы бар, телеарнаны бүгінде Түркістан облысы түгелдей, «Отау ТВ» желісі арқылы бүкіл Республика тамашалай алады. Ал, телеарнадағы 100-ге жуық маман сол көзі қарақты көрерменнің көңілінен шығып, тартымды хабар тарату үшін талмай тер төгіп жүр. Ол, үшін теларанада 18 сағат көлемінде жаңалықтар қызметі 4 рет тікелей эфирге шығады.  


«Оңтүстіктен» таралатын 40-қа жуық бағдарламаның 89 пайызы мемлекеттік, 10,5 пайызы орыс,  0,5 пайызы өзбек тілінде жарық көреді. Заманмен бірге жаңғырып, дәуірмен бірге түлеп келе жатқан арнаның кез-келген жерден тікелей эфирге шығуға мүмкіндігі бар.