Түркістан облысында көмір тапшылығын жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жауапты мекеме өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қазіргі ахуалды баяндап, жоспарларға да тоқталды. Оның айтуынша, Түркістан облысының 2022-2023 жылдардағы жылыту кезеңіне 907,6 мың тонна көмір қажет екені анықталған.


Бюджеттік мекемелерге қажетті көмір толық жеткізілген. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі 658,4 мың тонна. Облыс әкімдігі тарапынан жасалынған талдау нәтижесінде аймаққа 480,9 мың тонна жетті. Былтырғы жылмен жобалас. Бүгінгі күнге облыс бойынша 1618 тонна көмір қоры бар. Оның ішінде: Сарыағашта – 1311, Созақта – 100, Арыста  207 тонна көмір жинақталған. Кеше 49 вагон көмір түсті. Бүгін 102 вагон түсуде. Жалпы 349 вагон көмір жолда келе жатыр.
Брифингте Түркістан облысына бөлінген көмірдің көрші мемлекетке саудаланып жатқаны туралы сауалға да жауап берілді. Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Мәліковтің айтуынша, Түркістан өңірінде шетелге көмір тасымалдайтын оператор тіркелмеген.
Яғни, бұл операторлардың Түркістан өңіріне қатысы жоқ. Ауа райының күрт суытуы салдарынан өңірдегі жылыжай шаруашылықтары қиындыққа ұшырады. Брифингте бұл мәселе де сөз болды. Жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан қолданыстағы көмірмен жылытылатын 591,0 гектар жылыжайларға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмірі отыны қажеттілігі анықталды. Жалпы жылыжайлардың 94%-ы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы жылыжайлар болғандықтан 167 тауар өндірушінің 37 гектар жылыжайлары қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түсті. Сонымен қатар 9 гектарды құрайтын 3 өнеркәсіптік жылыжайдың өнімдерін үсік шалды. Ал жалпы өңірде 1500 гектардан астам жылыжай бар.
Көмір бағасын негізсіз көтеру, делдалдық жүйесінің алдын алу бағытында да жұмыстар қадағаланып жатыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Әліби Тұрысбаев көмір бағасына қатысты мәселе сарапталып, заңға сәйкес тиісті жұмыс жүретінін мәлімдеді.