Қазақстанның білім-ғылым тарихында тағы бір кезең бастау алды. Бүгін еліміздегі жоғары оқу орындарында талапкерлерді қабылдау басталды. Жаңа оқу жылына дайындық жұмысы Шымкенттегі университеттерде де қыза түсті. Соның бірі Tashenov университетінің қабылдау комиссиясы өз жұмысын таңғы тоғыздан бастады. Жалпы жоғары оқу орнына түсу үшін қандай құжат қажет? Оларды қайда, қашанға дейін өткізу керек?
20 маусым 2023 жыл. Таңғы сағат 9-да республика бойынша жоғары оқу орындарындағы қабылдау комиссияларының жұмысы басталды. Тәшенов университеті де мемлекеттік білім гарнты негізінде және ақылы бөлімге талапкерлерден құжат қабылдауға дайын.
Қабылдаудың алғашқы күні құжатын қолтықтап келгендердің бірі -Олжас Аязбай. Ол қаладағы нөмірі 96 мектепті тәмәмдап, енді болашағын аталған жоғары оқу орнымен байланыстырады.
Университет бакалавриатта 34 білім беру бағдарламасы, магистратурада 6 білім беру бағдарламасы бойынша маман дайындайды. Бүгінде Израиль, Грекия, Бельгия, Ұлыбритания сияқты шетелдердегі жоғары оқу орындарымен қосдипломдық бағдарлама да жүзеге асады.
Жалпы биыл жоғары оқу орнына түскісі келген кез келген азамат қабылдау комиссияларына 5 түрлі құжат өткізуі керек. Атап айтсақ, жалпы орта, техникалық және кәсіптік немесе жоғары білімі туралы құжаттың түпнұсқасын, 6 дана 3х4 көлемде фотосурет, жеке куәліктің 3 дана көшірмесі, ҰБТ сертификаты мен 075/У формадағы медициналық анықтама. Негізгі грантқа құжат қабылдау 13-20 шілде аралығында жүргізіледі, ал оның нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады. Биыл білім гранттарының жалпы саны 88 мыңға жетті. Оның ішінде 73 мыңы - бакалавриатқа, 13 мыңы магистратураға берілсе, докторантурға 18920 грант бөлінген.