Шымкентте әйгілі брендтердің атауында бір әріп өзгертіліп, контрафактілі кәмпиттер сатылған. Бұл жөнінде қала бойынша әділет департаментінің мамандары мәлімдеп отыр. Айтуларынша, бұл тек шаһарда емес, бүкіл елде өзекті мәселеге айналып отыр. Ал онлайн сауданың дамуы мен жеткізу қызметінің қажеттілігі жағдайды қадағалауды ушықтырып тұрған көрінеді.
 Шымкент қаласы Әділет департаментіне «Nestle» компаниясынан арыз келіп түскен. Жұмыс өзге шаһардағы әріптестерімен және полициямен бірлесе басталған. Жағдай министрліктің бақылауына алынды. Тексеру нәтижесінде Шымкенттегі қоймалардың бірінен «киткат» тауарының таңбалары бейнеленген шоколад және вафли тәркіленген.
Қазір құқық иелеріне келтірілген залал мөлшері анықталып жатыр. Ал ол сома 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінен асатын болса, іс материалдары экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырылады. Бұл жағдайда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2018 жылдан 2021 жылға дейін елге 30 миллиард теңгеге контрафактілі өнім әкелінген. Бұл көлем жыл сайын 10 пайызға артып отыр.