«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауы Түлкібас ауданында жалғасты. «Құқықтық көмек» партиялық жобасын арқау еткен қоғамдық қабылдау Мичурин ауылдық округінің Майтөбе елді мекеніндегі мәдениет үйінде өтті. Партияның ұйытқы болуымен ашылған диалог алаңына әдеттегідей облыстық және аудандық деңгейдегі барлық мемлекеттік құрылымдардың өкілдері жиналып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді тыңдады.  

 Сұраныстары мен өтініштерін арқалай келген азаматтарға облыстағы барлық құзырлы орган өкілдері мен басқармалар, департамент өкілдері, құрылыс, цирландыру және жолға қарасты мекеме өкілдері  «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының, «Тұран су», «Оңтүстік жарық» және Түлкібас аудандық мәслихатының депутаттары жалпы 30-ға жуық мекеме өкілдері тұрғындардың өтінішіне құлақ түрді.
Түлкібастық тұрғындар көтерген мәселелер сан саланы қамтыды. Егістік алқаптарға су жеткізу, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды медициналық сараптамадан өткізу мәселелері, жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін бөлу, орман шаруашылығына жататын жерлерде мал жаюға рұқсат беру мәселелері айтылды.Даулы жер мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетілді. Сондай-ақ жол ережесін бұзу деректері бойынша салынған айыппұлдар көлемін төмендету, жол салу, қолданыстағы автомобиль жолдарын, көпірлерді жөндеу мәселелері көтерілді.

Жабағылы ауылдық округіне қарасты Абайыл елді мекенінің тұрғындары ұялы байланыс сапасына шағымын білдірсе,Қарағашты аулының бір топ тұрғындары өздері күш біріктіріп орнатқан су өткелін жаңбырдан кейін жүрген сел шайып кеткенінін алға тартты. Көпірді бюджет есебінен салуға ықпал етуді өтінді. Орбұлақ ауылының тұрғындары республикалық дәрежедегі автодәлізде мал өткелін салып беруге өтініштерін жеткізді.

Тұрғындармен кері байланыс орнықтыруды көздейтін жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, жергілікті әлеуметті толғандырған мәселелермен жақынан танысты. Түлкібастықтардың осы және өзге де көптеген сауалдары  партияның бақылауына алынды.Олардың орындалуы немесе тиімді шешу жолдары жөнінде тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жауап берілетін болады.

 Партиялық алаңда  өткен жиында Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовте азаматтардың талап-тілектерін тыңдады.Түлкібас ауданында өткен мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауда 170-тен астам азаматтың талап-тілектері тыңдалды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өңіріміздің барлық аудан, қалаларында тұрақты жүргізілетін болады.