Мемлекет басшысының халыққа қолайлы жағдай жасау тапсырмасы аясында Арыс қаласында тарихи сәт. 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында қала автопаркі 14 жаңа автобусқа толықты. Әл-Фараби алаңында жаңа қоғамдық көліктерді маршруттарға үлестіру шарасы өтті. Оған қала әкімі мен зиялы қауым өкілдері, тұрғындар қатысты.

Арыс қаласында осыдан үш жыл бұрын тұрғындар ұсынысымен қоғамдық көлік қайта жүре бастады. Ұзақ үзілістен кейінгі автобус қозғалысы халыққа тиімді бағада болған соң сұранысқа ие болды. Енді міне, Арыс халқына жайлы болу үшін автобустар жаңартылды. Шаһар басшысы автобустардың кілтін табыстап, қызметкерлерге сәттілік тіледі.

Жаңа автобустарды қалада жолаушы тасымалдаумен айналысатын «Arys BUS» серіктестігі «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясының сүйемелдеуімен лизинге сатып алған. Сыйымдылығы 40 адамға лайықталған, Семей қаласында құрастырылған отандық заманауи жолаушы көліктері жылдамдықты шектейтін датчиктермен жабдықталған. Үш есікті, төмен еденді, электронды табломен, 5 видео камерамен жабдықталған, әрі «Евро-5» экологиялық стандартына сай автобустар 1 мамырдан бастап қала халқына қызмет көрсетуге шығады.

Қала әкімі мен жауаптылар №2 бағытта қатынайтын жаңа автобустардың алғашқы жолаушылары болып, тұрғындармен бірге қала ішін аралады. Айта кетейік, Арыста 14 автобус 3 бағыт бойынша тұрақты түрде қатынап жатыр. Жолақысы да Түркістан облысында ең арзан, ересектерге - 50 теңге, 7 мен 18 жас аралығындағы оқушыларға - 25 теңге болып бекітілген. Сондай-ақ, 7 жасқа дейінгі балалар мен Батыр аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері қала ішінде тегін қатынайды.